BI Group компаниясының мамандары «Берел» музей-қорығына арнайы келіп, мекеменің жұмысымен танысты. Сапар барысында болашақта музей нысандары орналастырылатын аумақтар зерделеніп, жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Жоба аясында №36 қорғаннан табылған сақ жауынгері мен №5 қорғаннан табылған сақ патшайымының реконструкцияларын негізге ала отырып, ашық аспан астындағы музей кеңістігін құру, сондай-ақ заманауи технологиялармен жабдықталған мультимедиалық экспозициялар жасау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті құжаттық жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, жұмыстарды 2027 жылдың көктемінен бастау көзделген.
BI Group компаниясының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылатын бастама Берелдің бірегей тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, музей-қорықтың туристік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның тарихи мұрасын заманауи форматта таныстыруға бағытталған.
https://berelmuseum.kz/kz/zhanaly-tar/923-berel-muzej-ory-yna-arnajy-kelip-mekemeni-zh-mysymen-tanysty.html#sigFreeId3bf6116e08













