Шілікті патша қорғандары

Шілікті қорымы Зайсан ауданы, Шілікті ауылынан оңтүстік батысқа 3 км жерде орналасқан. Ұзындығы - 80, ені – 30 шақырым осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті жазығы сақтардың алғашқы мемлекетінің ордасы тігілген қасиетті мекен. Жердің қасиеттілігін жақсы білген біздің ата-бабаларымыз өз мемлекетінің алғашқы ордасына бұл жерді бекер таңдамаған. Ортағасырлық аңыз бойынша Асанқайғы Сауыр тауының басына шығып тұрып: «Мына даланың үш есігі бар екен, әттеген-ай төртінші есігі болғанда жердің жәннаты болғандай екен» - деген екен.

Бұл жазықтың географиялық жағдайы адам өмір сүруіне өте қолайлы. Жазы салқын, қысы қарсыз және жылы болып келетін бұл өңір Зайсан-Тарбағатай аймағындағы бір ерекше оазис өлке. Ал, осы жазықтың «Шілікті» аталуын ғалымдар: «Кезінде мұнда шілік өскендіктен, осы атауы қалыптасқан болуы керек» деп тұжырымдайды.

Шілікті ерте сақтар заманындағы элитарлық ескерткіштердің бірегейі. Бұл шынымен Патша алқабы, себебі, мұнда 200-ден астам қатар-қатар үлкен қорғандар орналасқан. Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι-мыңжылдыққа сәйкес келеді. Бұл кезде Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары. Табиғаттың үйлесімді әсерінің және адамның ғасырлар бойы қызметінің салдарынан пайда болған тарихи-мәдени ландшафт аймақтың басты құндылығы болып табылады. Оның ең көп шоғырланған жерін            Шілікті ескерткіштері деп атайды. Бұл — жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты. Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Шілікті обасы  б.з.б. VІІ-VІ ғасырға жатқызылады. Шілікті қорымында барлығы 51 оба бар. Шіліктідегі көне сақ ескерткіштерінің тарихы б.з.д. VIII ғасырдан бастау алады. Ал, сақ заманнан кейінгі қорғандар б.з.д I-II ғасырды құрайды. Ескерткіштердің кейбірі үйсін, түркілердікі болып келеді. Шамамен б.з.д VI-VII ғасырлардағы түркілердің көне жәдігерлері де кездеседі.

Бұл ескерткіштерді бірінші зерттеген семейлік гидротехник Г.Н.Бокий еді. 1909-1910 жылдары ол Шілікті даласының шығыс шегінде орналасқан Шаған оба қорымдарын қазып зерттеді. 1949, 1959, 1961 және 1962 жылдары Шілікті қорымдарында профессор С.С.Черников қазба жүргізді. Ол №5 «Алтын қорғанды» ашты және барлығы 13 обаны қазып зерттеді. Черников зерттеу барысында Шілікті сақтарының шаруашылығына, тұрмысына, дүниетанымына қатысты материалдарды зерттеді. Қолы жеткен дерек көздерін ғалым 1965 жылы «Алтын адамның құпиялары» деген  еңбегінде жариялады. «Шілікті обалары, Шілікті жәдігерлері – сақтардың ерте кезіндегі тарихына қатысты» – деп жазылған сөздерді көздеріңіз шалады. Қазіргі таңда Черниковтың тапқан алтын бұйымдары Эрмитаждың төрінде тұр. Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 

Бұл қорғандар алып немесе орташа қорғандар. Алып қорғандардың диаметрі 100 метр, ал биіктігі 8-10 метрге жетеді. Мұндай обаның саны - 13. Орташа обалардың шеңберінің диаметрі 20 метрден 60 метрге жетеді, биіктігі 2 - 5 м. Қорған ертеректе қатты тоналған. Бірақ кейбіреулерінде зергер бұйымдар сақталған. Соның бірі 1960 жылы қазылған "Алтын қорған" деген оба. Обаны үйерден бұрын қабір шұңқыры қазылған. Оның орта шенінен шығыстан батысқа қарай бағытталған дөліз (дромос) жасаған, оның ені 2 метр, ұзындығы 12 метр. Қабір шұңқырының ішінен қабырғалары 5 м жуық балқарағай бөренелерінен қабір үйін салған, биіктігі 1 м. Айналасына - тас толтырылған. Дәліздің қабырғасын таспен қалап, төбесін бөренемен жапкан. Жердің бетінен аумағы 58 шаршы метрдей, терендігі 1 метрдей шұңқыр қазылған.

Оның ішіне балқарағайдың жуан боренелерінен шаршы қима жасалған, бөліктерінің қабырғалары екі, ал төбесі бір қатар бөренелерден тұрады; бөренелер жылжып кетпес үшін шұнқырдың қабырғалары мен ағаш құрылыс арасына уатылған тас толтырылған. Қиманың бұрыштары бөренелердің бір-біріне тиер жерінде күйдіріліпті. Ағаш моланың ішінде, батыс жақ қабырғасы жанында, жонылған қалың тақтай еденде 40— 50 жастағы еркек пен 50—60 жастағы әйел және олардың жанына қойылған заттар жатты. Өліктерді қабірге шығыс жағынан жалғасқан дәліз-дромос арқылы кіргізген. Жерлеп болғаннан кейін дромос бөренелермен жабылып, бүкіл құрылыс уатылған ірі тастармен көмілген. Содан кейін тығыз сары түсті балшықтан үйінді тұрғызылып, оның үстіне майда малтатас араласқан топырақ үйілген. Алғашқы түрінде обаның диаметрі 45 м, биіктігі шамамен 10 м үйінді болған. Моланың жердің бетіндегі бөлігі таспен үйілген. Сонымен қатар обадан 13 кола жебе, жебе салатын корамсақтың қалдығы табылды. Жебелер екі кырлы, ұңғылы. Қорамсақтың сыртына алтыннан жасалған бүғы мүсінді бірнеше әшекей қапсырма жапсырылған. Мұнда 524 алтын зат табылды. «Ұшып келе жатқан бұғы» түріндегі қапсырмалар, аяқтары бүгулі бұғы түріндегі қаптырмалар (14 дана), басы бұрулы бүркіттердің (9 дана), шиыршықтала бүктетілген қабыланның (29 дана) бедерлі мүсіндері, жұқа қаңылтырдан қиып жасалған қабандардың мүсіндері (12 дана), балық бейнесі, бейнелерінің мүлтіксіздігі және мәнерлілігі таң қалдырады.
Алтын бедерлі мүсіндер ғажайып шеберлікпен, көркем жасалған.

Бұл обалардың салынған уақыты б.з.б. 7-6 ғасыларға жатады. Аталған қорғандар  ерте заманда-ақ тоналып кеткен. Бірақ кейбіреуінде зергерлік өнердің өте бағалы заттары сақталған. 

Шілікті обасы өз кезеңі үшін күрделі архитектуралық құрылыс болды және обаны тұргызуга көптеген адамдардың еңбегі пайдаланылған. Обаға қажетті тас одан 15 шақырым жердегі ең жақын деген таулардан, ал бөренелер аңғардың шығыс жағындагы 40 шақырым жердегі карағайлы орманнан тасып әкелінген. перуза тас көмкеріліп, майда домалақ алтын түйіршіктермен әшекейленген, қанаттары жаюлы құс түріндегі қаптырма және басқа неғұрлым ұсақ зергерлік әшекейлер бар. Мұнда Еуразия далаларындағы көшпелі тайпалардың қолданбалы өнері айқын көрсетілген. Шілікті обасындағы аң стиліндегі бірқатар көркем туындылар сақ-скиф дүниесі өнерінің алғашқы үлгілеріне жатады.

Ғимараттың ішкі микроклиматы бір қалыпты температурада сақталған. Сақтар адамдарын жер қойнауына тапсырған кезде міндетті түрде арнайы дәрілермен мумификация жасаған. Ол адам денесінің еті ағып кетпеуі үшін, адам денесінің сақталуы үшін жасалатын дүние. Шіліктіде қазылған обалардың барлығы мумификация жасалған. Адамдарды шалқасынан батысқа қаратып жерлеген. Бір ғажабы, обаны ірі бөренелерден салған.

Қазба барысында тас обаның сыртын түгел ашып болғанда шығыс жағынан кішкене бір ойыс көрінді. Бір науа секілді. Әрі қарай қуалап қазып едік, көлденең бөренелер шықты. Сол бөренелер арқылы шығысқа кететін жер асты дәлізін анықтадық. Ірі бөренелердің ұзындығы 12-13 метрді құрайды. Еденінің көлемі 18 ш.м. жуық. Қабірхананың іші үй секілді бір-бірімен қиыластырып салған. Ортасындағы ашық тесіктерге тас толтырып тастаған. Бөренелерден биіктігі 7 қатар құрайтын үлкен ғимарат секілді. Қабірхананың шығыс бөлігіне дромс орналасқан. Сол жер асты дромс дәліз арқылы патшаның жақын туысқандары өлгенде, қасына апарып жерлеп отырған.

Обаны қазу барысында тереңдігі 1 де 70 см болатын, қабырғалары сыланып-бекітілген басқа ескерткіштерден өзгеше оба табылды. Бұның жерасты дәлізі оңтүстік шығысқа қарап жатыр. Жан-жағын таспен қоршап тастаған. Қабірхананы самырсын ағашпен жапқан. Ағаш осы уақытқа дейін өз формасын сақтап тұр. 

Ескерткіштің бірегейлігі: Шіліктінің алтын әшекейлері сақтар өнерінде ең алғашқысы. Сақ басқарушысы маңызды мерекелер кезінде алтын қапсырмалармен безендірілген киім киген. Бұл мерекелік костюмді ғалымдар бұрынғы қалпына келтірген. Тек Қазақстанда емес, бүкіл Еуразиялық кеңістікте бірегей «Алтын адам» табылды. Материалдар ерте сақ дәуірінің б.з.б. VIII –VII ғасырды қамтиды. Шілікті қорғанынан табылған жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтардың орта кезеңін қамтып, мәдени–тарихи процестерді қайта қарауға әсерін тигізетін соңғы жылдардағы таңғажайып қазбалар қатарына жатады.

Шілікті жазығында жүргізілген бір ғасырдан астам археологиялық зерттеулер нәтижесінже көптеген құнды мәліметтер мен жәдігерлер жинақталды. Деректердің сан түрлі болуы мен бірге ерте сақ дәуірінен бастап дамыған орта ғасырлар кезеңіне дейінгі уақытты қамтитын деректермен толықты.

Еуразия даласында дәл Шілікті жазығындағыдай элитарлық обалар тығыз топтасқан аймақ өте сирек кездеседі. Жылқымен бірге жерлеу дәстүрі Шіліктіде бұрын-соңды кездеспеген болатын. Обаның үстіңгі бөлігінде қолы мен аяғы байланған әйел мүрдесі, одан 70 сантиметрдей төменде ерінің жерленгені анықталды. Бұл да зерттеуді қажет ететін тың жаңалықтың бірі.

1.2. Шілікті қорғанынан табылған Үшінші «Алтын адам»- сақ патшасы.

Үшінші «Алтын адам» 2003 жылы табылған. Үшінші Алтын адамды Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданының Шілікті жазығынан археолог-этнолог,профессор, тарих ғылымының докторы Әбдеш Төлеубаев бастаған археологтар қазба жұмыстары кезінде тапқан. Жалши ауылындағы маңайда үлкен 17 оба бар. Солардың ең басында тұрған үлкен оба тегін адамға қойылмаған ескерткіш екенін сезген. Шілікті патша қорғанынан табылған. 

Алтын адам біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырдың басындағы жәдігерлердің бірі. Ел басқарған, қоғамда ерекше әлеуметтік орны бар адамдарды жерлеу ерекше салтанатпен, бүкіл елдің қатысуымен, басына аса көрнекті ескерткіш-мола салумен дараланған. Біз ашқан обада жерленген адам сақ патшалығының алғақы патшаларының бірі болу керек. Оны тұп-тура сап алтыннан құйылған әшекей жапсырма-түймелермен әсемдеген алтын киімде жерлеген. Геродоттың хабарлауынша, сақтардың патшасын «басилей» деп атаған. Ол сөздің мағынасы «елбасы» дегенді білдіреді. Сақтар елбасыларын ерекше қастерлеген. Жалпы ел басқарушылық, пеатшалық қасиет жоғарғы бір ерекше күштің – Тәңірдің сыйы деп есептеген болу керек. Патша құзырының космологиялық табиғаты бар деп түсінген секілді. Сондықтан оны күн түстес алтын киімге орап, қабірінің есігін күншығысқа қаратып, ерекше жұлдызша белгі тағып, үстіне обадан кіші әлемді (микрокосмос) орнатып қойған. Қазақстан жерінде табылған Алтын адамдардың ең көнесі. Мекен еткен жеріне және үстіне құйма алтыннан жасалған аң-құс белігілеріне қарағанда сақ патшасына келетін бұл олжа сақ дәуірінен жеткен құнды тарихи жәдігер. Бұл жәдігер тарихқа «Бәйгетөбе» деген атаумен енді. Бәйгетөбе обасының қабірханасындағы бөренелерінің дендрохронологиялық сараптамасы бойынша ағаш ғимараттың салынған кезі мөлшермен б.з.б. 810-760 жылдарға сәй кес келеді. Бұл археологиялық жаңалық тарих ғылымында сақ дәуірінің тағы бір жарқын ескертіші ретінде танылып отыр. Ол Жалшы ауылының оңтүстік жағында орналасқан.Обаның биіктігі 8 м, диаметрі 100 метрге жуық. Ол үш қабаттан тұрады. Үстінгі қабаты топырақпен, астыңғы қабаты тастан үйілген.Тас үйіндінің ішінде сағана-қабірхана орналасыпты. Қабірхана жер бітіне салынған. Оның қабырғалары ұзынан екі қатар етіп қойылған жуан самырсын бөренелерден тұрғызылған. Осындай алып ғимараттың ішінде бірғана ер адам жерленген. Адамды сом алтыннан құйылған қаптырма, әшекей түймешектермен безендірілген киімімен жерленген. Киімінің алтын қаптырма – түймешектерінің барлық саны 4303 данадан тұрады. Олар аңдық стильде құрылған. Патша киімдеріне тағылған алтын жапсырмалардың жасалуы сом алтыннан құйылған әшекей дүниелер, яғни таза құйма алтындар. Олардың ішіндегі ең үлкені – арқардың мүсіні.3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан барлығы 4303 дана алтын заттар табылды. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт-самұрұқ, 20 данасы бұғылар, 39 данасы қасқыр (аю) түрінде, бір түйме-қаптырма бесжұлдыз, бір қаптырма арқар бейнесінде. Сонымен қатар 23 дана қоңырауша түріндегі,63 дана кеңірдекше түріндегі, 17 дана алтын тілікше, 7 дана алтын сым, 141 дана жартышар сияқты салпыншақтар, 2835 дана миниатюралық құлақшалы, кесеге ұқсас салпыншақтар, 223 ұсақ кеңірдекше тізбе, 743 шығыршық тізбе және бір дана кішкене қапсырма шеге табылды.3- Шілікті қорымындағы Бәйгетөбе обасының ірі және өте күрделі архитектуралық құрылысы әлеуметтік-мәдени және табиғи-қорықтық қызмет атқарған. Ескерткіштің осыншама ірі көлемі онда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын дәлелдейді. Бәйгетөбе обасында сақ жұртының ең алғашқы патшаларының бірі жерленген. Химиялық анализ Шілікті алтын әшекейлерінің 960-970 проба екендігін және бұл алтындар өндірістік жолмен алынғандығын анықтады. Шілікті даласын көмкеріп жатқан Тарғабатай, Маңырақ, Сауыр-Сайқан тауларынан кейінге джейін бірнеше жерде алтын өндіріліп келген.

Шілікті қорғанынан табылған Үшінші Алтын адам сақ патшасы. Шілікті қорғанынан екі бұғының мүйізі айқасып тұрғанын бейнелейтін алтын жапсырма «Мәңгі әлем бәйтерегі» өрнегін еске түсіреді. Ал бір-бірімен тұмсық түйістіріп тұрған екі таутекенің басы кейіпінде жасалған жапсырмадан үш сюжетті көреміз. Оның біріншісі, қос таутекенің басы десек, екіншісі тура қарап тұрған барыстың бейнесі. Үшіншісі осы жапсырманы жатқызып қойып қырынан қарағанда, оның ұшып бара жатқан құсқа ұқсайтындағы. Өз дәурінде өнердің аса шеберлікпен өркендегенін көруге болады. Бұл деген нағыз өнер шыңы. Жалпы бір форма арқылы бірнеше мағына беру- сақ бейнелеу өнерінің өте ерте замандағы кезеңіне тән құбылыс. Аса бір геометриялық дәлдікпен жасалған бесжұлдыз бейнелі түйме де еріксіз таңдандырады. Бесжұлдыздың тіні алтын жұлдызшалары көк лазурит тасынан жасалған. Айналасы сүйекпен көмкерілген. Ортасына томпақ мүйіз орнатқан. Бесжұлдыз сол заманда да биліктің белгісі саналған. Бесжұлдыздың қырларымен түйменің ортасындағы жұлдызша Еуразия даласына сақтардың әкелген үлкен жетістігі деуге болады. [20; 102]

Үшінші Алтын киімді адам екінші Алтын киімді адамнан мың жылбұрын өмір сүрген. Есік қорғанынан табылған Алтын адаммен салыстырсақ айырмашылықты да көруге болады. Енді салыстырсақ Есіктен Есіктен табылған жәдігердің үстіндегі алтын бұйымдар жұқа фольга түрінде киімге тігілген әшекей. Бұл өлген адамға арналған киім. Яғни жерлеу рәсімінде қолданылатын ритуалдық киім. Өнер бұйымы ретінде құндылығы шексіз. Алтынмен апталған жас әскербаының сыртқы киімдері кезінде қалай көмілсе сол күйінде бізге аман жеткен. Бұл оба тоналмаған. Шілікті үшінші Алтын адам обасы тоналған. Патшамен ұқойлған ірі ірі заттар-алтын тәж, семсер, қанжар, салтанатты аса таяғын тонаушылар алып кеткен. Аса қымбат, көзге ілінетін ірі дүниелерді және алтын заттардың біразын алып кеткен. Үшінші Алтын адамның киімі тірі кезінде киген киімі. Оның үстіне мұның алтынмен безендірілген киімдері тірі кезінде киіп жүрген киімі екені белгілі болып отыр. Ритуалдық киім емес. Бұл алғашқы Алтын адамның киімінен басты айырмашылық деуге болды.  Мұндағы алтын әшекейлер күрделі зооморфтық қалыптарға негізделе құйма алтындардан жасалған. Зерттеушілер бұл олжаны сақ патшасы болуы мүмкін деп жорамалдап, баға жетпес жәдігердің кілтін тауып, құпиясын ашуға ұмтылуда жаңылысқан жоқ. Ежелгі көшпенділер өнерінің төлтума жауһары – екі бұғыдан жасалған геральдикалық композициясы бар қапсырма. Бұл жәдігер өз заманында сақ патшасы болғандығымен ерекшеленіп әлем назарын тағы да өзіне аударды. Бұл жәдігерді ғалымдар Шілікті «Алтын адамы» деп таныды. Оның қайта қалпына келтірілген алғашқы нұсқасы жасалынды. 2013 жылы шілде айында жәдігер өз өлкесіне қайта әкелінді.

Ә.Төлеубаев өзіңнің бір сұхбатында былай деген екен. «Қашанда «жақсыдан шарапат» деген бар ғой. Шілікті алтын адамы өз заманының алды, елінің панасы, абыройы болғандықтан да оның замандастары, ұрпағы басына зәулім зират салып, алтын киімге орап ерекше әспеттеп қойған. Тегінде алтын киім кигізіп қоюдың мәні – ол кісінің ғұмыры, атақ-даңқы мәңгілік болсын дегенге саяды»

Үшінші «алтын адамның» қабірінен шыққан әшекей бұйымдардың бұған дейінгі табылғандардан ерекшелігі - олардың құйма алтыннан жасалғандығы.Зерттеушілер қазақ даласында әлі ашылмаған сыр аз емес дейді.Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде Қазақстаннан табылған үшінші «алтын адамға» кең көлемде зерттеу жүргізуді тапсырды.

Ұлы даланың заманалар керуенінің белін қайыстырған ұлық өркениетіне зер салған жан баласы адамзат тарихының біз шеше алмаған жұмбақтары әлі де көп екеніне шүбә келтірмес. Соның бірі «Алтын адам» бейнесі. Қазақ топырағының төрт тарабынан да Алтын адамның табылуы –тарихи сананың бетбұрыс жасар тұсы болса керек. Тарихи сана дегенде біз өз мәдениетін ерекше, өзгелерден зор санайтын халықпыз. Қазақстан жерінен табылған «Алтын киімді адамдар» - құнды жәдігерлер, мәдени-тарихи мұралар, тарихи құндылықтар. «Алтын киімді адамдар» - тарихи деректер, тұнып тұрған көне тарихи шежіре. «Алтын киімді адамдар» - өз дәуірінің лауазымды тарихи тұлғасы. Қазақстан жерінен табылған «Алтын киімді адамдар» - қилы тарихымыздың даңқын алысқа жеткізген асыл сүйекті бабаларымыз.