2026 жылғы 21 қаңтарда Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқардың 75 жылдық мерейтойына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл тағылымды шара қаламгердің мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың бастауы болып, жазушының туған, кіндік қаны тамған қасиетті Алтай өңірінен бастау алды.
Көрмеге Әлібек Асқардың әр жылдары жарық көрген кітаптары, фотосуреттері, мұрағаттық материалдары мен басқа да құнды жәдігерлер қойылды. Экспозиция арқылы келушілер жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлеміне терең үңіліп, оның туған жерге, Алтай табиғатына және сол өңірдің адамдарына деген ерекше сүйіспеншілігін айқын сезіне алды.
Көрменің ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Серік Жакитов, мәдениет саласының өкілдері, ұстаздар, мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында сөйлеген сөз иелері Әлібек Асқардың қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталып, оның шығармаларының рухани-танымдық мәнін ерекше атап өтті.
Салтанатты ашылудан кейін жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтті. Онда қаламгер туындыларындағы Алтай табиғатының көркем бейнесі, өңір адамдарының болмысы, тағдыры мен өмірге көзқарасы кеңінен талқыланды. Қатысушылар Әлібек Асқар шығармаларының тәрбиелік маңызы зор екенін, әсіресе жас ұрпақ үшін туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Айта кету керек, Берел музей-қорығында өткен бұл көрме — мерейтойлық іс-шаралардың алғашқысы ғана. 2026 жыл бойы жазушының 75 жылдығына орай республика көлемінде әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Алтайдан басталған бұл игі бастама ел көлемінде жалғасып, Әлібек Асқардың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталмақ.