Қыркүйек айында Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Осы күнге орай BI Group компаниясының негізін қалаушы әрі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Жұмаділұлы Рахымбаев отбасымен бірге «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барды. Сапарды туроператор, ресторатор әрі блогер Мұхтар Тойбазаров ұйымдастырды. Берел — Шығыс Қазақстандағы Алтайдың төрінде орналасқан бірегей тарихи мекен. Мұнда ежелгі көшпелілер дәуіріне жататын әйгілі қорғандар бар. Археологиялық жәдігерлер сол замандағы халықтың тұрмысы, мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертеді. Қару-жарақ, әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен ат әбзелдері — өткен дәуірдің үнін бүгінге жеткізген құнды мұра. Берел тарихты кітаптан оқып қана қоймай, оны өз көзіңмен сезінуге мүмкіндік береді. Ал мұндай құндылықтарды отбасымен бірге танудың орны бөлек. Өйткені отбасы — шағын мемлекет. Осында құндылық қалыптасады, дәстүр жалғасады, ұрпақтар сабақтастығы сақталады. Тарихты білу маңызды. Ал оны келер ұрпаққа жеткізу — одан да маңызды.