«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ЖТН AP23486716 «Алтай қазақтарының белгі жүйесі мен таңбалары» ғылыми жобасы аясында жобаны атқарушы, жетекші ғылыми қызметкер Шынарбек Сейітхан 2026 жылғы 20 шілде – 18 тамыз аралығында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында ғылыми-зерттеу іссапарымен болды.
Далалық зерттеу жұмыстары Өлгий қаласы, Цэнгэл, Толбо және Дэлүүн сұмындарында жүргізілді. Экспедицияның негізгі мақсаты – Моңғолия қазақтары арасында сақталған дәстүрлі мал таңбалау жүйесін тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу, таңбаға қатысты әдет-ғұрыптарды, малға таңба басу және ен салу тәсілдерін зерделеу.
Іссапар барысында жергілікті қазақтардан этнографиялық деректер жиналып, дәстүрлі мал шаруашылығында қолданылатын ен-таңбалардың түрлері, олардың қолданылу ерекшеліктері мен ұрпақтан ұрпаққа берілу дәстүрі бойынша далалық материалдар жинақталды. Сонымен қатар таңба мәдениетінің қазіргі ортада сақталу деңгейіне назар аударылып, фото және бейнематериалдар түсірілді.
Моңғолиядағы зерттеу нәтижелері Алтайдың әр өңірін мекендеген қазақтар арасында қалыптасқан ен-таңба жүйесінің ортақ белгілері мен жергілікті ерекшеліктерін салыстыра қарастыруға мүмкіндік береді.
Жиналған материалдар ғылыми өңдеуден өткізіліп, ЖТН AP23486716 «Алтай қазақтарының белгі жүйесі мен таңбалары» жобасының зерттеу нәтижелеріне енгізіледі.
Жоба жетекшісі: PhD доктор Самат Самашев
https://berelmuseum.kz/kz/zhanaly-tar/834-altaj-aza-taryny-belgi-zh-jesi-men-ta-balary-2.html#sigFreeIdc04eeb4e52











