Шығыс Қазақстандағы бірегей тарихи орындардың бірі – Берел қорық-музейі республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген қасиетті мекен ретінде ерекше мәнге ие. Қорық-музей аумағында жалпы саны 100-ден аса сақ және түркі обалары орналасқан. Солардың ішінде ғылыми тұрғыдан маңызды нысандардың бірі – №5 оба.
2017 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында №5 сақ қорғанынан екі жылқымен бірге жерленген әйел адамның мүрдесі табылды. Бұл – ежелгі көшпелілердің дүниетанымы мен жерлеу дәстүрін айқын көрсететін құнды дерек. Алайда, бұл оба ертеректе тонауға ұшырағаны да анықталған. Соған қарамастан, сақталған жәдігерлер мен қалдықтар археологиялық тұрғыдан аса маңызды мәліметтер берді.
Жерленген адамның киімдері аса бай әрі сән-салтанатпен безендірілген. Оның жанындағы әшекей бұйымдар алтын фольгалармен қапталып, жоғары шеберлікпен жасалғаны байқалады. Сонымен қатар, бас киімі мен тонының қалдықтарының жақсы сақталуы – сол дәуірдің материалдық мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Аталған деректер жерленген әйелдің көшпелі ақсүйектер әулетінің өкілі болғанын аңғартады. Бұл – Берел қорғандарының тек археологиялық нысан ғана емес, сонымен қатар ежелгі өркениеттің биік мәдениеті мен әлеуметтік құрылымын айқындайтын тарихи мұра екенін дәлелдейді.
Халықаралық ескерткіштер күні – осындай баға жетпес құндылықтарды сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа аман жеткізу жолындағы ортақ жауапкершілікті еске салатын маңызды күн. Берел қорғандары – тарихтың үнсіз шежіресі, ұлт жадының мәңгілік белгісі.









