Шығыс Қазақстан облысының әкімі Алтайдың інжу-маржаны болып саналатын «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында» болып, бірегей археологиялық кешеннің қазіргі жай-күйімен танысты. Ұлттық тарихтың алтын діңгегі саналатын бұл киелі нысан мемлекет қорғауында.
Нұрымбет Сақтағанов музей экспозицияларын аралап көріп, кезінде әлемдік ғылыми сенсацияға айналған №11 қорғандағы зерттеу нәтижелеріне ерекше назар аударды. Осы нысанда анықталған «мәңгілік тоң» феномені әлемдік ғылыми қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырған еді. Б.з.д. IV–III ғасырларға жататын бұл қорғаннан сақ патшаларының жерлеу орындары және олармен бірге салтанатты әбзелдері алтын жапсырмалармен көмкерілген 13 жылқы жерленгені анықталған. Тас үйінді астындағы табиғи «мәңгі тоң» әсерінің арқасында органикалық материалдар, соның ішінде грифон бейнесіндегі бірегей ағаш бұйымдар мен аң стиліндегі артефактілер бастапқы қалпында сақталған.
Музей-қорық қызметкерлері өңір басшысына жүргізіліп жатқан консервациялау және музейлендіру жұмыстары туралы толық ақпарат ұсынды. Қазіргі таңда №11 қорғанға музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге жәдігерлерді табылған орнында көруге мүмкіндік жасалған.
Қазіргі уақытта музей мамандары келесі маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асыруда:
• Археологиялық мониторинг – Берел жазығындағы 100-ден астам қорғанның жай-күйін тұрақты бақылау және оларды табиғи эрозиядан қорғау;
• Реставрациялық зерттеулер – ағаш, тері және тоқыма бұйымдарын қалпына келтіру мен ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи технологияларды қолдану;
• Дендрохронологиялық талдау – сақталған ағаш үлгілері арқылы нысандардың тұрғызылған нақты мерзімін анықтау.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі музей қызметкерлеріне Берел жазығының тарихи келбетін сақтау, музей инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жетілдіру және өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
https://berelmuseum.kz/kz/zhanaly-tar/684-tarikh-pen-d-st-r-saba-tasty-y-sh-o-kimi-berel-muzej-ory-yny-yzmetimen-tanysty.html#sigFreeId893881ac2b









