Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы аумағында, Баяш Өтепов ауылынан солтүстік батысқа қарай шамамен 1,5 км жерде, Есір өзенінің сол жағалауына жақын маңнан XVIII–ХІХ ғғ. жататын ескі қазақ зираты анықталды.
Қорымдағы жерлеу құрылыстарының арасында қара түсті тақтатастан, тік орнатылған екі құлпытас ерекше назар аударады. Бұл құлпыдағы мәтіндік жазулар сақталмаған, алайда олардың бетінде кертіп түсірілген символдық белгілер айқын көрінеді.
Бірінші тастағы таңбаның өлшемі – 18,59 × 16,21 × 16,74 см, ал екінші құлпытастағы таңбаның өлшемі – 6,21 × 5,45 × 6,76 × 5,24 см.
Таңбалар тастың тегіс бетіне үшкір металл құралмен таяз кертіп салынған. Табиғи үгілу мен қына басу салдарынан бейнелердің кейбір бөліктері көмескіленгенімен, олардың негізгі құрылымы мен композициясы анық сақталған.
Екі құлпытаста да бір-біріне ұқсас символдар анықталды. Олар қиылысқан сызықтардан құралған графикалық композиция түрінде берілген. Бірінші белгі пішіні жағынан «Н» әрпіне ұқсайды, ал екіншісі торкөз тәрізді. Көршілес екі құлпыдағы ұқсас белгілердің қайталануы олардың кездейсоқ емес, белгілі бір мағынамен әдейі салынғанын көрсетеді. Бұл белгілер марқұмдардың рулық таңбасы болуы тиіс.
https://berelmuseum.kz/kz/m-limetter-bazasy/lan-audany/840-bayash-tepov-auyly-ma-ynda-y-ta-baly-lpytastar.html#sigFreeIdd7091a0296











