Шығыс Қазақстан – көне дәуірлерден сыр шертетін тарихи ескерткіштер мен табиғи ғажайыптарға бай өлке. Бұл аймақ – Ұлы дала өркениетінің ізі сайрап жатқан, сақ пен түркі заманынан жеткен асыл мұраларды сақтаған қасиетті мекен.
Өңірдің туристік картасы – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани бағдар. Мұнда ежелгі қорымдар мен археологиялық кешендер, табиғи ландшафтар мен киелі орындар бір арнада тоғысқан. Әрбір нысан – халықтың дүниетанымы мен мәдениетінің айғағы.
Солардың ішінде айрықша маңызға ие ескерткіштердің бірі – Берел қорғандары. Б.з.д. IV–III ғасырларға жататын бұл кешеннен табылған сән-салтанатпен жерленген тұлғалар мен бірге көмілген жылқылар – сақ қоғамының әлеуметтік құрылымы мен дүниетанымын айқын көрсетеді. Мұз қабатының астында жақсы сақталған ағаш құрылымдар, ат әбзелдері мен алтын әшекейлер ежелгі көшпелілер өркениетінің жоғары деңгейін дәлелдейді. Берел – дала мәдениетінің көркемдігі мен терең философиясын танытатын бірегей мұра.
Ал Шілікті қорымы – ерте сақ кезеңінің аса құнды археологиялық аймағы. Б.з.д. VIII–VII ғасырларға жататын бұл жерден табылған алтын бұйымдар мен айшықты әшекейлер дала зергерлігінің озық үлгісін көрсетеді. Шілікті – билік пен мәртебенің нышандарын сақтаған, ежелгі тайпалардың мемлекеттілік белгілерін айқындайтын киелі кеңістік.
Шығыс Қазақстанның картасы – тек туристік бағыт емес, ол – ұлт тарихының тірі шежіресі. Әрбір белгі – мыңжылдықтардың үнін жеткізетін рухани мұра.
Қасиетті Алтайға жол тартқан әрбір жан тарихпен жүздеседі.
Шығыс Қазақстан – көне дәуірлерден сыр шертетін тарихи ескерткіштер мен табиғи ғажайыптарға бай өлке
- Просмотров: 21










