Берел музей-қорығы қорындағы бірегей жәдігерлердің бірі – бет-перделі, қанатты тұлпардың кестеленген бейнесі. Бұл сирек тоқыма бұйым б.з.д. IV–III ғасырларға жатады және 11-қорғаннан табылған.
Жүннен иірілген жіптен арнайы ілмек бізбен тоқылған бұл туынды көне көшпенділердің мифологиялық дүниетанымы мен көркемдік ойлау деңгейін айқын көрсетеді. Полихромды стильде орындалған бейнеде ашық қоңыр және жасыл түстер үйлесім тауып, қанатты жылқының қиялға толы, символдық келбетін аша түседі.
Қанатты тұлпар – көне өнердің шынайы дүлдүлі. Бұл бейне Берелдің ежелгі тұрғындарының рухани әлемі мен мифологиялық ұғымдар жүйесіндегі ерекше орнын әлі де терең зерделеуді қажет ететін құнды мұра.