Ақбауыр петроглиф-таңбасы Ақбауыр археологиялық кешенінен солтүстікке қарай шамамен 1 км жерде орналасқан. Ол осы тұстағы жартастың біршама тегіс, көлденең орналасқан табиғи бетіне түсірілген. Таңба бір-бірімен қиылысатын композиция түзетін үш анық кертілген сызықтан тұрады. Негізгі өрнек бұрыш жасап қиылысатын диагональ сызықтар арқылы қалыптасып, «Н» әрпіне ұқсас пішін береді. Орталық бөлігі ерекше айқындалған: сызықтар тереңірек түсіріліп, бірнеше мәрте жүргізілген. Бұл оның үсті-үстіне сыза отырып әдейілеп салынғанын аңғартады. Таңба тас бетіне үшкір арнайы құралдың көмегімен кертіп салу арқылы түсірілген. Штрихтардың тереңдігі мен ені әркелкі. Таңбаның өлшемі: 8,60 × 7,30 × 7,91 см. Бұл белгі ерте темір дәуіріне жатқызылуы мүмкін.
Бұл таңба-белгі Орта жүз Найман руының Ергенекті таңбасына ұқсастығымен назар аудартады.











