Сирек кездесетін олжалардың бірі – Үлкен Нарын ауданының тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған ірі қыш ыдыс . Мұндай бұйымдар тек жергілікті деңгейде ғана емес, жалпы зерттеліп отырған тарихи-мәдени кеңістікте де өте сирек кездесетіндіктен ғылыми құндылығы жоғары болып келеді. Ыдыс биконус пішінді, қолмен жапсыру тәсілімен жасалған. Күйдіруі біркелкі емес, соның салдарынан бетінде қара және ашық сұр түсті дақтар байқалады. Өлшемі: 22 см × 13 см. Пішіні көшпелі және жартылай көшпелі халықтардың тұрмыстық ыдыстарына тән: денесі орта тұсында кеңейіп, мойны тарылған, ернеуінің жиегі сәл кедір-бұдыр, түбі жалпақ. Беті тегіс, өрнек салынбаған. Бүйірінде қашап түсірілген таңба анық көрінеді, пішіні сәл қиғаштау орналасқан «Н» әрпіне ұқсайды. Таңбаның өлшемі: 5,3 × 4,6 × 4,3 см. Ыдыс жалпы бүтін сақталғанымен, бетінде ұсақ жарықшақтар мен сынықтар және ұзақ пайдаланудың әсерінен қалған іздері байқалады. Морфологиялық және технологиялық белгілеріне қарай бұйым б.з. І м.ж. басымен мерзімделеді. Бүйірінде таңбаның болуы ру таңбаларының тұрмыстық заттарды белгілеуде де қолданылғанын аңғартады және олардың дәстүрлі мәдениеттегі көпқырлы қызметін көрсетеді.