Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы С.Қ. Самашевтың "Символдық бейнеден белгілік жүйеге: Қазақ Алтайының «ойықты» тастары" атты ғылыми мақаласы Q-1-ге кіретін халықаралық Scopus дерекқорына енген Қазақстан археологиясы журналында жарияланды. Мақалада Қазақ Алтайындағы Сарыжон жотасынан табылған, бетінде 300-ден астам тостағанша тәрізді ойықтар қашалған тас ерекше нысан ретінде сипатталған. Алдын ала болжам бойынша, қола дәуіріне жататын бұл ескерткіш Қазақстан археологиясы үшін бірегей олжа. Ескерткіштің құрылымы мен бетіндегі ойықтарының орналасу тәртібі Қазақ Алтайы ежелгі көшпелілерінің визуалды-символикалық дәстүрлерінің бастауында тұрған ерекше күнтізбелік-ғұрыптық тәжірибенің болғанын меңзейді. Ұқсас ойықтар осы өңірдегі Ақбауыр, Доланалы тәрізді киелі орындардан және басқа да аймақтардан белгілі. Бұл ескерткіштерді салыстырмалы тұрғыда қарастыру ойықтардың кейінгі дәуірлерде қалыптасқан таңба, пиктограмма және петроглифтік сюжеттер тәрізді белгілер жүйесіне түпнегіз болған деп пайымдауға мүмкіндік береді.
Ойықтардың жүйелілігі мен сакралды кеңістіктегі морфологиясы олардың арнайы жасалғанын және нақты қызметтік мәнге ие екенін көрсетеді. Алтай, Жетісу, Тянь-Шань және Шығыс Еуропадағы ұқсас нысандармен салыстыру мұндай белгілердің Еуразия кеңістігінде кең таралған ғұрыптық тәжірибенің бір бөлігі болғанын дәлелдейді. Олар культтік сипаттағы бұйымдарда жиі кездескендіктен, дала кеңістігін мекен еткен көне қауымдардың мәдениетінде маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Жазу пайда болғанға дейінгі дәуірдің басқа да археологиялық ескерткіштері сияқты, ойықты тастар да көшпелі қоғамдардың таңбалық жүйесіне айналған ежелгі коммуникативтік кодтарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Қаржыландыру көзі: Мақала Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің 2023–2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде, ЖТН № BR22082478 жобасы аясында дайындалды.

Scopus мақалалары https://doi.org/10.52967/akz2025.3.29.106.117